Арбитраждық талқылау – кәсіпкерлік ортада кеңінен қолданылатын азаматтық-құқықтық дауларды шешудің тиімді әрі заманауи тетігі. Сот талқылауларынан айырмашылығы, арбитраж тараптарға рәсімдердің икемділігін, құпиялылықты, жеделдікті және шешімдердің түпкіліктілігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасында институционалдық арбитраж функцияларын Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» жанындағы Арбитраж орталығы табысты жүзеге асырып келеді. Бұл – бизнес мүдделерін қорғауға бағытталған еліміздегі жетекші арбитраждық институттардың бірі.
Арбитраж бизнесті қалай қолдайды
«Атамекен» Арбитраж орталығы кәсіпкерлер мен ұйымдарға келесі негізгі артықшылықтарды ұсынады:
1. Қолданылатын құқықты және арбитрлерді таңдау
Егер шарт тараптарының бірі бейрезидент болса, тараптар дауға қандай мемлекеттің құқығы қолданылатынын өз бетінше анықтауға, сондай-ақ салалық тәжірибесі бар арбитрлерді (логистика, сауда, агробизнес, экспорттық келісімшарттар және т.б.) таңдауға құқылы.
2. Уақыт пен қаржылық ресурстарды үнемдеу
Арбитраждық талқылау, әдетте, сот процесіне қарағанда жылдамырақ өтеді және мерзімдерге, отырыстардың өтетін орны мен форматына қатысты неғұрлым икемді тәсілмен ерекшеленеді.
Арбитраждық алымдардың мөлшері талап қою сомасына байланысты көп жағдайда соттардағы мемлекеттік баж салығынан 30–70%-ға дейін төмен болады.
3. Құпиялылық
Арбитраж жабық режимде өткізіледі және жария отырыстар өткізілмейді. Дау тараптары туралы ақпарат, істің мән-жайлары және қабылданған шешім жария етуге жатпайды және жарияланбайды.
4. Шешімдердің түпкіліктілігі және міндеттілігі
Арбитраж шешімдері мемлекеттік соттарда мәні бойынша қайта қаралмайды, бұл ұзаққа созылатын апелляциялық рәсімдерді болдырмайды.
«Атамекен» Арбитраж орталығының шешімдері Қазақстанда да, шетелде де міндетті түрде орындалуға жатады.
Шешімдердің халықаралық деңгейде танылуы
Арбитраж шешімдерінің орындалуы Шетелдік арбитраждық шешімдерді тану және орындауға келтіру туралы Нью-Йорк конвенциясы шеңберінде әлемнің 172 елінде қамтамасыз етіледі. Бұл экспорттаушылар мен шетелдік серіктестермен жұмыс істейтін компаниялар үшін ерекше маңызды.
«Қазақстанның астық Одағы» ЗТБ-ның «Атамекен» Арбитраж орталығымен өзара іс-қимылы
«Қазақстанның астық Одағы» ЗТБ «Атамекен» Арбитраж орталығын астық нарығы қатысушыларының мүдделерін құқықтық қорғаудың тиімді құралы ретінде қарастырады.
«Қазақстанның астық Одағы» ЗТБ өзара іс-қимыл шеңберінде:
• өз мүшелерін арбитраждық талқылаудың мүмкіндіктері туралы хабардар етеді;
• астықты және оны қайта өңдеу өнімдерін жеткізу, тасымалдау және сақтау шарттарына «Атамекен» Арбитраж орталығының арбитраждық ескертпесін енгізуді ұсынады;
• дауларды баламалы түрде шешу мәселелері бойынша нарық қатысушыларының құқықтық сауаттылығын арттыруға жәрдемдеседі;
• арбитражды бизнес құқықтарын қорғаудың неғұрлым жедел, құпия әрі экономикалық тұрғыдан негізделген тетігі ретінде қолдануды қолдайды.
Арбитраждық рәсімдерді пайдалану астық нарығы қатысушыларына құқықтық тәуекелдерді төмендетуге, дауларды шешуді жеделдетуге және іскерлік қатынастарды сақтауға мүмкіндік береді. Бұл жоғары келісімшарттық және экспорттық белсенділік жағдайында ерекше маңызды.
«Атамекен» Арбитраж орталығының ресми сайты: https://aca.kz