usd488.59eur564.37rub6.79cny72.08
Аккредитован в Министерстве сельского хозяйства Республики Казахстан
Аккредитован в Национальной палате предпринимателей Республики Казахстан «Атамекен»
Экспорт кезіндегі НДС қайтару: аграршылар 100 млрд теңгеге дейін қаржыдан қағылуы мүмкін 10.06.2026 в 16:11 45 просмотров

ҚР ҰКП «Атамекен» алаңында бизнес өкілдерінің, салалық қауымдастықтардың және сарапшылардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде НДС (қосылған құн салығы - ҚҚС) қайтаруға қатысты жаңа Салық кодексі нормаларын қолдану мәселесі бойынша кеңес өтті.

Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі нөлдік мөлшерлемемен өнім өткізетін экспорттаушыларға ҚҚС қайтару тәртібін өзгертті. Енді бұрын төленген кіріс ҚҚС-тың толық көлемі емес, тек 20%-ы ғана қайтарылуға жатады.

Астық нарығы үшін бұл экспорттаушылардың тікелей шығындары ғана емес, сонымен қатар ішкі нарықтағы сатып алу бағаларының төмендеу қаупін де білдіреді. Сыртқы нарықтардағы жоғары бәсекелестік жағдайында қосымша шығындарды шетелдік сатып алушыға жүктеу іс жүзінде мүмкін емес, сондықтан негізгі салмақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге түседі.

Сарапшылардың бағалауынша, дәнді, майлы және бұршақты дақылдар бойынша аграршылардың шығыны бір маусымда 85–110 млрд теңгені құрауы мүмкін. Ең үлкен әсер елдің негізгі экспорттық дақылы болып саналатын жұмсақ бидайға тиеді.

Кеңесте қаралған нұсқала.

1. Бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстары:

▪️ аталған норманы жаңа Салық кодексінен толық алып тастап, экспорттаушыларға ҚҚС-ты толық көлемде қайтару тәртібін сақтау;

▪️ ҚҚС бойынша кепілдендірілген қайтару мөлшерін 60%-ға дейін ұлғайтып, қалған 40%-ын КТС (корпоративтік табыс салығы) бойынша шегерімдерге жатқызу.

2. Мемлекеттік кірістер комитетінің ұсыныстары: ТБЖ механизмін қайтару және цифрлық теңгені енгізу

▪️ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және олардың контрагенттеріне қатысты ТБЖ-ны қоса алғанда, тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) механизмін қайта енгізу (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап);

▪️ экспорттаушылар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасындағы есеп айырысуларды цифрлық теңгемен жүргізу (2026 жылғы 1 шілдеден бастап).

Кеңеске қатысушылар ҚҚС қайтарудың қолданыстағы тәртібін сақтап қалу ең тиімді шешім болар еді деп атап өтті. Сонымен қатар, фискалдық органдардың ұстанымын ескере отырып, бұл нұсқаның жүзеге асу ықтималдығы қазіргі уақытта төмен деп бағалануда, ал цифрлық теңге механизмін енгізу оны тәжірибеде іске асыру және нарық қатысушыларының бейімделуі үшін белгілі бір уақытты талап етеді.

ҚҚС түзету құрылымын 40/60%-ға өзгерту туралы ақпарат

МКК (Мемлекеттік кірістер комитеті) мәліметіне сәйкес:

▪️ 2026 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша ҚҚС есепке жатқызудың жалпы көлемі – 114,4 млрд теңге;

▪️ ҚҚС-тың 80%-ын түзету сомасы – 86,4 млрд теңге;

▪️ ҚҚС-тың 40%-ын түзету сомасы – 43,2 млрд теңге.

Осылайша, қолданыстағы 80/20% үлгісінен 40/60% үлгісіне көшу кезінде ҚҚС қайтарудың қосымша сомасы шамамен 43,2 млрд теңгені құрауы мүмкін.

Нарық қатысушыларының пікірінше, бұл сома республикалық бюджет үшін аса маңызды емес, ал қолданыстағы 80/20% үлгісін сақтап қалу елдің агроөнеркәсіптік кешені үшін әлдеқайда елеулі салдарға алып келуі мүмкін, атап айтқанда:

▪️ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық жағдайының нашарлауы;

▪️ елдің экспорттық әлеуетінің төмендеуі;

▪️ қоймалардың тауарға толып кетуі және өнімнің сақталуына қатысты тәуекелдердің артуы;

▪️ нарық қатысушыларында айналым қаражатының тапшылығы;

▪️ жұмыс орындарының қысқаруы және жекелеген кәсіпорындардың банкроттыққа ұшырау қаупі.

Аталған мәселені ҚР ҰКП «Атамекен» жақын арада Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жобалық офисі алаңында мемлекеттік органдармен талқылауды жоспарлап отыр.

 

Ссылка на источник

Вернуться к списку новостей